Студенттер – еліміздің болашағы. Қоғамның дамуы мен мемлекет күш-қуатының артуына алдағы уақытта барынша үлес қосатын, елді өркендететін бәсекеге қабілетті білікті мамандар да солар. Сондықтан студенттер қауымына қамқорлық жасау – қоғам мен мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі. ҚазҰАЗУ студенттері өздерімен ашық диалог ұйымдастырған университет басшылығына ризашылығын білдіріп, әділетті университет құру үшін ұстаздармен бірге ынтымақтаса белсенділік танытатындарын және жақсы оқып, үлгілі студент атанып, елімізге адал қызмет етуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді, – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев студент жастармен кездесуінде (08 қараша 2022 ж.).
«Жемқорлықсыз әділетті университет құру – біздің түпкі мақсатымыз. Біз оқытушылар мен студенттер арасында қандай да бір сыбайластық көріністерінің болуына жол бермеуіміз керек, жастарды жемқорлыққа төзбеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін жоғарылатуға, сол арқылы оқу процесінің сапасын көтеруге ықпал етуге шақырамын. Бүгінгідей өзара сенімге негізделген шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың негізі болып табылады», – деді Ақылбек Қажығұлұлы студент жастармен кездесуінде (08 қараша 2022 ж).
«Біздің университеттің басты миссиясы – жаңа заман талабына сай бәсекеге қабілетті мықты кадрлар даярлау мен ғылыми ізденістерге қол жеткізу. ҚазҰАЗУ-дың ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ықпал ететін ғылыми зертханалар жұмысын халықаралық деңгейде күшейту, жаңа технологияларды трансферт жасау, ғылым жетістіктерін іс жүзінде оқу үдерісіне енгізу, ғылыми жобалар мен білікті мамандар тәрбиелеуді жаңаша жүргізуіміз қажет.
ҚазҰАЗУ-дың халықаралық бағдарламаларды қабылдап, қолдануға әлеуеті толық жеткілікті, студенттеріміздің әлемнің үздік университеттерінде оқи жүріп екінші диплом алуына мүмкіндігі бар. Гранттарды көбейте отырып, агроөнеркәсіптің өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми инновациялық зерттеулер жүргізу мен жаңа бағдарламаларды жүзеге асыруға күш саламыз. Мен университетіміздің іс жүзінде қызметтік құрылымы мен мазмұны бойынша әлемдік деңгейдегі зерттеу жоғары оқу орнына айналарына сенемін», – деді жас ғалымдар алдындағы сөзінде ректор Ақылбек Күрішбаев (12 қаңтар 2023 ж).
«ҚазҰАЗУ Эндаумент» қорын құрамыз. Бұл ретте, Қорға жинақталған қаражат түрлі мерекелік іс-шараларға емес, ең алдымен, тозығы жеткен жатақханаларды жаңғыртуға, ҚазҰАЗУ студенттерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталады. Өйткені университетте оқитындар негізінен ауылдық жерлерден келген жастар, көпшілігі тұрмысы төмен отбасынан шыққандар. Сондықтан, Эндаумент қорынан түскен қаражат студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жұмсалады, – деді ректор Ақылбек Күрішбаев университеттің аппаратық жиналысында (18 қараша 2022 ж).